Сүлейменнің таңдаулы әні. Chapter 8

1 (Жас келін:) Сен анамның ақ төсін еміп өскен Бірге туған бауырым болсаң екен! Кездестіріп далада сонда сені, Өбіп алсам, жұрт сөкпес еді мені.
2 Тәрбиелеп мені өсірген шешемнің Үйіне сені ертіп келер едім, Саған дәмдеуіш қосқан шарабым Мен анар шырынын татқызар едім.
3 Сол қолы оның басымның астында, Оң қолымен мені құшақтасын да!
4 Иерусалим қыздары, сендерден өтінемін: Махабатты қоздырып оятпаңдар, жетілсін Өзіне ұнаған дәл мезгіліне дейін! (Құрбылары:)
5 Сүйіктісіне сүйене айдаладан Кім екен мынау өрлеп келе жатқан?
6 Жүрегіңнің үстіне мені мөрдей тақшы, Мөрлі білезіктей білегіңе салшы! Өйткені махаббат өлімдей қуатты, Құлшынысы оның ажалдай қатты! Ол өз отын найзағайдай шашады, Лапылдап өрт жалынындай жанады.
7 Мол су да махаббатты өшіре алмас, Тасыған өзен оны батыра алмас. Бір адам өз үйінің бар байлығын Ұсынғанмен сүйіспеншілік үшін, Мүлдем менсінбес еді ешкім онысын!
8 Кенже туған қарындасымыз бар біздің, Әлі де жетілмеген денесі қыздың, Айттырылып қойған күнінде оның Не істерміз игілігіне қарындастың?
9 Егер берік қабырғадай болса, біз Күмістен оған бекініс саламыз. Ал егер есіктей ашық болса, біз Самырсын тақтаймен жауып тастаймыз. (Жас келін:)
10 Өзім берік қабырғаға ұқсаймын, Һәм мұнарадай тіп-тік қос анарым. Содан оның көзінде кемелді болдым.
11 Бағал-Хамонда Сүлейменнің жүзімдігі болған, Соны бағуды бағбандарға тапсырған. Әрқайсысы соның жемісі үшін Мың мысқал күмістен төлеп берсін.
12 Менің жүзімдігімді кімге берсем, Мұны мен өзім біліп, өзім шешем. Мың мысқал, уа, Сүлеймен, сіздікі болсын, Ал екі жүз — жемісін өсіргендерге оның. (Күйеу:)
13 Уа, бау-бақшада отырған жеріңнен Дос қыздарың естіп тұр даусыңды сенің, Енді маған да оны естіртсең екен! (Жас келін:)
14 Уа, сүйіктім, маған жүгіріп келсең екен, Жұпар иісі аңқыған шөптер мол өскен Тауларда елік, жас бұғыдай секірсең!