Зәкәрия. Chapter 3

1 Бұдан кейін періште маған Жаратқан Иенің періштесінің алдында тұрған бас діни қызметкер Ешуаны көрсетті. Ал шайтан Ешуаны айыптау үшін оның оң жағында тұрды.
2 Жаратқан Ие шайтанға: Саған Жаратқан Ие тыйым салады, шайтан! Иә, Иерусалимді таңдап алған Жаратқан Ие саған тыйым салады! Осы адам жанып кетпей тұрып от ішінен құтқарылып алынған отындық ағаш сияқты емес пе? — деп зекіді.
3 Ешуа періштенің алдында ластанған киіммен тұрды.
4 Ал періште өзінің алдында тұрғандарға: Оның лас киімдерін шешіп тастаңдар! — деп тапсырды. Ешуаға қарап ол: Мен сенің кінәңді алып тастадым. Енді саған салтанатты киім кигіземін, — деді.
5 Сонда мен: Оның басына таза сәлде кигізіңдер, — деп өтіндім. Олар оның басына таза сәлде, үстіне арнайы киімдер кигізді. Осы кезде Жаратқан Иенің періштесі жанымызда тұрды.
6 Одан кейін Жаратқан Иенің періштесі Ешуаға ескертіп былай деді:
7 — Әлемнің Иесі мынаны айтады: Егер де сен Менің жолыммен жүріп, тапсырмаларымды орындайтын болсаң, онда сен Менің киелі үйіме жетекшілік етіп, оның аулаларын да басқаратын боласың, әрі Менің осында тұратын сенімді қызметшілерімнің арасында жүруіңе болады.
8 Уа, бас діни қызметкер Ешуа және алдыңда отырған серіктестерің, тыңдаңдар! Сендердің барлығың болашақтағы кереметтің бейнесісіңдер. Біліп алыңдар: Мен Өзімнің Өскін деп аталатын Қызметшімді алып келемін.
9 Мен Ешуаның алдына қойған асыл тас, міне, мынау: оның жеті қыры бар. Мен тасқа сөздерімді қашап жазып, осы елдің күнәсін бір-ақ күнде алып тастаймын, — деп уәде етеді Әлемнің Иесі. —
10 Сол күні сендердің әрбіреуің (көріп жатқан игіліктерімен бөлісу үшін) көршісін өзінің жүзім бұтасы мен інжір ағашының түбінде отыруға шақыратын болады, — деп нық айтады Әлемнің Иесі.