Забур жырлары. Chapter 53

1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің насихат жыры.
2 Зифтің бірнеше тұрғынының Саулға барып: Дәуіт біздің жақта тығылып жүрген сияқты! деп хабар жеткізген кезіне арналған.)
3 Уа, Құдай, ұлы атың үшін құтқара гөр, Зор құдіретіңмен мүддемді қорғай гөр!
4 О, Құдайым, дұғама құлақ сала гөр, Аузымнан шыққан сөздерге көңіл бөле гөр!
5 Бөгде адамдар маған қарсы шықты, Зорлықшыл сұмдар жанымды алмақшы, Олар еш ойламайды Құдай туралы. //
6 Алайда Құдай маған жар болады, Жаратқан Ие жан дүниемді нығайтады,
7 Сұмдығының есесін жауыма қайтарады. Ием, адалдығыңа сай оларды талқандашы.
8 Өз еркіммен Саған құрбандық шаламын, Уа, Ием, ізгі атыңа мақтау айтамын.
9 Сен құтқарып алдың мені бар пәледен, Жауларымның жеңілгенін көрдім көзіммен.