Забур жырлары. Chapter 3

1 (Дәуіттің жыры. Ол Дәуіттің өз ұлы Абессаломнан қашып жүрген кезіне арналған.)
2 Уа, Ием, жауларым сонша көбейді, Көп адам маған қарсы көтерілді.
3 Жұрт: Құдай құтқармайды сол кісіні Деп қатты күйзелтеді жан дүниемді.
4 Ал, Ием, алдымдағы қалқаным Сенсің, Даңққа бөлеп, беделімді көтересің.
5 Жаратқанға дауыстап жалынам, Ол жауап береді киелі тауынан.
6 Орныма жатып, ұйықтаймын бейқам, Содан оянып, тұрамын қайтадан, Себебі мені қорғайды Жаратқан.
7 Мен қорықпаймын өзіме жан-жақтан Қарсы шыққан мыңдаған жауларымнан.
8 Уа, Ием, көтеріліп қарсы тұрсаңшы, О, Құдайым, мені құтқарсаңшы! Сен жағынан ұрып күллі жауларымды, Күшінен айырасың сол зұлымдарды.
9 Уа, Жаратқан, Құтқарушымыз Сенсің, Батаңды төге гөр халқыңа Өзіңнің.