Забур жырлары. Chapter 51

1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің насихат жыры.
2 Ол едомдық Доиқтың Саулға барып, Дәуіттің Ахимәліктің үйіне кіріп-шыққаны жайлы хабар жеткізген кезіне арналған.)
3 Ей, мықты жан, қылмысыңа неге мақтанасың, Әйтсе де Құдай маған төгеді рақымын. Ұзақты күн сен құрту жайлы ойланасың.
4 Өткір ұстарадай тіледі сенің тілің, Өтірікті айтуға шеберсің өзің,
5 Зұлымдықты артық көресің жақсылықтан, Алдауды да ақиқатты айтудан. //
6 Ей, алдамшы тіл, сен өзгенің жанын Жаралайтын сөзді айтуды ұнатасың!
7 Содан да Құдай сені мәңгі құртады, Үйіңнен күшпен қуып шығарады, Тірілер арасынан аластатады. //
8 Әділдер мұны көріп қайран қалады, Былай деп келекелейді сол арамды:
9 Міне, Құдайды паналамаған жан, Қайта, мол байлығын арқа тұтқан, Зұлымдықпен одан бетер нығайған.
10 Ал мен Құдайдың киелі үйінің Ішінде жасыл зәйтүндей өсіп-өнемін, Құдайдың рақымына мәңгі сенемін.
11 Уа, Ием, Сені игі істерің үшін Халқыңның алдында дәріптеймін, Ізгі мейіріміңе сүйенемін.