Забур жырлары. Chapter 52

1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, Ауыртпалық шегу әуенімен айтылатын Дәуіттің насихат жыры.)
2 Ақылсыз адамдар Құдай жоқ! деп ойлайды, Әбден бұзылған олар жексұрындық жасайды, Әрі ешқайсысы да жақсылық жасамайды.
3 Құдай көктен көз салады адамзатқа: Ақылды біреу бар ма бет бұратын Құдайға? Деп байқайды Ол.
4 Жоқ, бәрі тайып кетті теріс жолға, Әбден бұзылды бірігіп барлығы да. Жақсылық жасаушы ешкім жоқ, тіпті бір жан да.
5 Сұмдық жасайтындар ақылға келмес пе екен? Халқымды олар нан жегендей жалмап кеткен, Құдайға сиыну ойларына еш түспеген.
6 Ал оларды қорқыныш құрсаулайтын болады, Қауіп-қатер жоқ жерде үрейлері ұшады. Тап берген жауыңның сүйектерін Құдай шашады, Сен масқаралайсың Құдай бас тартқан оларды.
7 Құтқару Сионнан келсе екен Исраилге! Құдай өз халқын тұтқыннан азат еткенде Жақыптың үрім-бұтағы қатты қуанады, Иә, Исраил халқы шат-шадыман болады!